Мәдениет

«Әлия гүлі» достарын сегізінші рет қарсы алды

14-18 маусым аралығында Ақтөбеде «Әлия гүлі» достарын қарсы алады» VIII ашық балалар жасөспірімдер шығармашылық фестивалі өтті. Екі жыл сайын дәстүрлі түрде Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туған күні қарсаңында ұйымдастырылатын шара бұл жолы Жастар жылы мен Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойына арналды.

Биылғы халықаралық фестивальға Ресей, Литва елдерімен қатар, еліміздің Орал қаласынан және Ақтөбе өңірінің өнер ұжымдарынан 200-ге жуық жас дарын қатысты.

Фестивальдің ашылуы 15 маусым күні өтті. Дәстүр бойынша барлық қатысушылар Әлияның ескерткішініне гүл шоқтарын қойып, батырдың рухына тағзым етті.

Бұл фестиваль Ақтөбеде 2005 жылдан бері екі жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Содан бері сегізінші рет өткен шараға еліміздің өзге облыстарымен қатар, халықаралық деңгейдегі өнер ұжымдары шақырылып жүр. Ең алғаш рет Әлия Молдағұлованың 80 жылдық мерейтойына орай өткен шара, биыл құтты мекеннің 150 жылдығымен тұспа-тұс келді. Фестиваль барысында келген қонақтарға  шеберлік сабақтары ұйымдастырылса, олардың жетекшілері дөңгелек үстел өткізді. Сондай-ақ меймандар Ақтөбенің әсем жерлеріне экскурсия жасады. ОларАқтөбе қаласының күннен-күнге жаңарып, ал фестивальдің жыл сайын жанданып келе жатқандығын айтады. Бұл, әрине, ұйымдастырушылар үшін үлкен мәртебе, — дейді фестивальдің көркемдік жетекшісі Шолпан Айнабекова.

Мәдени шараның жабылуы 16 маусым күні Тұңғыш Президент атындағы Орталық мәдениет және демалыс саябағында өтті. Марапаттау рәсіміне қатысқан қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Алтынай Юнисова фестиваль қатысушыларына өз алғысын білдіріп, барлық өнер ұжымдарын марапаттады.

Фестивальдің барлық қатысушылары лауреат атанып, арнайы дипломдармен естелік сыйлықтарға ие болды.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button